Атаулы күндер тізбесі


Қаңтар 2012 ж.

1 қаңтар - Әбілқасым Жаңбырбаевтың туғанына 85 жыл (1927)

Абай ауданының тумасы Әбілқасым Жаңбырбаевтың балалық шағы ашаршылық жылдарына дәл келді. Сол зобалаң жылдары екі туыс үйдегі жеті баладан жалғыз өзі ғана аман қалды. Басқа балалар аштықтан қайтыс болды.
Әкесі баласының өнерге деген бейімділігін байқап, бес жасында гармон сатып әпереді, халық музыкасын үйретеді. Кейіннен қалаға көшіп келгеннен кейін де концерттерге барып жүреді.
1934 жылы қаладағы 16-мектепке барып, жеті жыл оқиды. Хор үйірмесіне қатысып, гармонда, балалайкада ойнайды.
1942 жылы Семей облыстық музыкалы драма театрына қабылданып, құрмет демалысына шыққанға дейін жемісті қызмет етіп, күрделі рольдерді аса шеберлікпен сомдады. Мұнда ол « Жалбырдағы» молданы, Сырым мен Кебекті,«Ақан сері-Ақтоқтыдаы» Науанды, «Қозы Корпеш —Баян сұлудағы» Қарабай, «Комиисар Ғаббасовтағы» Сабыржан, «Шыңғыс хикаясындағы» Рамазан, Ленин т. б. бейнелерді сомдады. Әбекең сахналық өмірінде үлкенді- кішілі 330-дей роль ойнады, соның әр қайсысы бір мектеп болды.
1958- 1973 жылдар аралығында «Қан мен тер», «Жаушы», қырғыз фильмі «Толқын жағада өледі» деген киноларға түсті. Әртістікпен қатар режиссерлық қызметті қатар алып жүрді. С Адамбековтың «Аюбайдың ажалы», А.Шамкеновтың «Адасқан қазы», Б.Мұқаевтың «Қош бол, менің ертегім» т.б. қойылымдарын қойды.
Көп жылғы еңбегі ееленіп «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Әдебиеттер:
Әбішева С. Мақсат биігі // Семей таңы.-1983.-4 август.
Әбішева С. Ленин ролін ойнаган актерлер // Мәдениет және тұрмыс.-1977.-№11.-6 б.
Жаңбырбаев Ә. // Қазақ ССР: Қысқаша энциклопедия 4-том / Бас ред. Р.Н. Нұргалиев.- Алматы, 1989.-251 б.
Қамбаров Ж. Сахнагер: ( Халық әртісі Ә. Жаңбырбаевтың өмірі жайлы туралы сыр) / Ред.   К.  Дәуменұлы, Д.Жұмабекқызы. // Семей қаласы, 1997.
Қамбаров Ж. Сан сырлы сахна .-Алматы: Қазақпарат, 2004.-760 б.
Қамбаров Ж. Біздің Әбекең // Семей таңы.-2002.-20 желтоқсан.
Кеңесқызы 3. Өнерлінің өрісі кең: (Әртіс Ә. Жаңбырбаевтың шығармашылығы туралы) // Семей таңы.-1997.- 29 наурыз.
Мұқаметқаликызы А. Театр тарланы // Ертіс өңірі.-2005.-12 мамыр.-29 б.

* * * * * * * * *

20 қаңтар – Совет Одағының Батыры Владимир Матвеевич Урзляның туғанына 95 жыл (1917 – 28 сәуір 1945)

Владимир Матвеевич Урзля 1917 жылы 20 қаңтарда Алтай өлкесінің Ребринск ауданы Клочки елді мекенінде дүниеге келген.
Семей ауылшаруашылық техникумын тәмамдап, бұрынғы Семей облысындағы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Бел-агаш ауылында зоотехник болып қызмет етті.
1941 жылы Хабаровск миномет училищесін аяқтады. Әрекеттегі әскери қызметін 1942 жылдан бастады. 504 Миномет полкі Штабының басшысы /40-шы миномет бригадасы, 24-ші артиллериялық дивизиясы, 4-ші Украиндық фронты/ майор Урзля 1945 жылдың 28 сәуірінде Моравка-Острава /Чехословакия/ қаласы іргесіндегі Долна Лгота ауылы маңындағы ұрыста ерекше көзге түсті. Алдыңғы бақылау пунктіне шабуыл кезінде жараланған ол соңғы деміне дейін жаумен шайқасты.
Владимир Матвеевич Чехияның Солтүстік Морав облысының Глучин қаласында жерленіп, Совет Одағының батыры атағы қайтыс болғаннан кейін 1946 жылы 15 мамырда берілді. В.М.Урзля Ленин және Қызыл жұлдыз ордендерімен, медальдармен марпатталған.

Әдебиет:
Герои Советского Союза – семипалатинцы/ Құрастырушы – Перебеева М.И. – Семей, Семей-печать, 2004. – 53 б.
Семейге 285 жыл / Құрастырушы К.А.Байгужинов. М.А.Галиев. – Семей: ЧП Анастасов, 2003. – 53 б.

 

* * * * * * * * *

29 қаңтар - Кеңес Одағының Батыры Василий Романович Спириннің туғанына 85 жыл (1926 – 1991 жж.)

Василий Романович Спирин 1926 жылы 29 қаңтарда Саратов облысы Ершов ауданы Васильевка ауылында туды. ФЗО бітірген соң Свердловск қаласында заводта токарь болды.

В.Р.Спирин 1943 жылдан Кеңес Армиясы қатарында. 4-ші жеке оқу полкына қабылданды. 1944 жылы мамыр айында 3 - Прибалтика майданына жіберілді. Карелия майданының 7-армиясы, 419-атқыштар полкінің атқышы ефрейтор Спирин 1944 жылғы 21 шілдеде Свирь өзенінен біріншілердің қатарында өтіп, Олонец-Петрозаводск тас жолындағы бөлімшені басып алып, шайқаста ерлік көрсетті. В.Р.Спиринге Кеңес Одағының Батыры атағы 1944 жылдың 21 шілдесінде берілді. Ол 1945 жылы тамыз, қыркүйек айларында 366-атқыштар дивизиясының құрамында Жапонияға қарсы соғысқа қатысты. 1946 жылы кіші лейтенант курсын аяқтады. Ішкі істер әскері бөлімінде қызмет етті. Денсаулығына байланысты 1950 жылы армия қатарынан босады. 1961 жылы В.Р.Спирин Үлкен Нарын ауданының Жарқала ауылына көшіп келді. Ленин атындағы колхозда киномеханик болып жұмыс істеді. Ленин, 1-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, медальдармен марапатталған. 1991 жылы 31 желтоқсанда қайтыс болды.

Василий Романович Спирин туралы:
Кеңес Одағының батырлары – шығысқазақстандықтар  Герои Советского Союза - восточноказахстанцы [Мәтін] : Мағлұматнама, 2005. - 132 б.

 

Парақтар өзгертілді: 27-02-2012