Атаулы күндер тізбесі


Ақпан 2013 ж.

Абайтанушы, қаламгер, Абай қорының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Балтабек Ерсәлімов туғанына 75 жыл (1938)

Балтабек Ерсәлімов2013 жылдың 8 ақпанында абайтанушы, қаламгер, Абай қорының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері  Балтабек Ерсәлімов туғанына 75 жыл толмақ. Балтабек Бәзілұлы Ерсәлімов – Абайдың жиені, әкесінен жастайынан айырылып, балалық шақпен ерте қоштасты. Мектепті бітірген соң Балтабек Ерсәлімов теруші, баспашы болып жұмыс істеді. КазГУ-нің журналистика факультетінде сырттай оқыды. Төртінші курстан кейін Семей педагогикалық университетіне ауысты. Облыстық «Семей правда» қазіргі «Семей таңы» газетіне әдеби қызметкер болып орналасты. Алғашқы мақаласы шыққаннан бастап  қаламы алғыр, зерделі, өткір журналист ретінде таныла бастады.

1971 жылы Балтабек Бәзілұлы № 16 баспахана директорының  лауазымына тағайындалды, ол мекемені жеті жыл басқарды. 
Өткен ғасырдың 80-шы жылдары  облыстың басшылығы мұражайды қалпына келтіруді тапсырып Ерсәлімовты мұражай директоры лауазымына тағайындады. 1983 жылы Қазақстанның ежелгі тарихи-өлкетану мұражайы  өзінің 100-жылдығының қарсаңында туған өлкесін қастерлеушілерге есігін айқара ашты. Балтабек Ерсәлімовтың ұйымдастырушы қабылеті елеусіз  қалған жоқ. 1985 жылы мәдениет басқармасы Балтабек Бәзілұлын Әмре Қашаубаев атындағы облыстық филармония директорының лауазымына ауыстырды. Оның басқаруымен Семей облыстық филармония  бүкілодақтың аренаға шығып, көптеген көрсеткіштер бойынша үшінші орынды иеленді.

1990 жылғы 4 маусымда Абай Құнанбаевтың  150-жылдық мерейтойын дайындау мен өткізуге арналған құрылтай конференциясында Абай қоры құрылып, оның директоры болып Балтабек Ерсәлімов тағайындалды. «Абай» журналын қайта жандандыруға, абайтанушы Қайым Мұхамедханұлының төрт томдық зерттеулерін шығаруға ат салысты.

Абайдың, Шәкәрімнің және Мұхтар Әуезовтің рухани мұрасын насихаттауға сіңірген ерекше еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі, көп жылдық жемісті еңбегі,  республикалық  «Абай» журналының қайта шығуына және Семей өңірінің мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Балтабек Ерсәлімұлына  2002 жылы «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Парақтар өзгертілді: 04-02-2013