Атаулы күндер тізбесі


Қыркүйек

Семей Мемлекеттік медицина университетінің ашылғанына 60 жыл

Семей Мемлекеттік медицина университетінің ашылғанына 60 жыл2013 жылдың 1 қыркүйегінде Семей мемлекеттік медицина университетінің ашылғанына 60 жыл толады.
Семей мемлекеттік медицина университетінің іргетасы 1953 жылы 1 қыркүйекте қаланды.  Семей мемлекеттік медицина университетін ең алғашқы жылдары 320 жас қыздар мен жігіттер емдеу мамандығы бойынша бітіріп шыққан болатын. Онан кейін 1963 жылы педиаторлық, 1991 жылы стоматологиялық, 2003 жылы медициналық-профилактикалық және фармацепт факультеттері ашылды.
СММУ бүгінгі күні – қарқынды даму үстіндегі жоғары оқу орны. 5 мамандық бойынша дайындық жүргізіп келеді. Алыс-жақын шетелден, өз елімізден 3500-ден аса студент білім алады. 400-ден аса оқытушы, 43 кафедрада ғылыми-педагогикалық және ғылыми-диагностикалық қызмет атқарады. Оның ішінде 10 академик, 50 докторлар мен профессорлар, 200 медицина ғылымының кандидаттары қызмет жасайды.
Алғашқы рет Қазақстанда 1998 жылдан бастап шетел студенттерін ағылшын тілінде оқыту басталды. Студенттер үшін арнайы клиникалық дайындық сапасын жақсарту мақсатында жеке клиникалық базасы бар: медициналық орталық, стоматологиялық емхана, тренингтік жанұялық-дәрігерлік амбулатория. Университет заман талабына сай клиникалық базалармен, зертханалармен, кітап қоры үлкен кітапханамен, компьютерлік кластермен, лингафон кабинетпен жабдықталған.

Тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 130 жыл (1883)

Тарихи-өлкетану музейі – Қазақстан және Батыс Сібір музейлерінің ішіндегі ең ірі ғылыми және мәдениет орталығы болып табылады. Оның негізі 1883 жылы 11 қыркүйекте қаланған.
Оның алғашқы ұйымдастырушылары белгілі зерттеуші ғалым Е.П.Михаэлис, П.Е.Маковецкий, Н.И.Долгополов, А.А.Леонтьев, П.Д.Лобановский т.б. болған. Олар 1878 жылы құрылған Облыстық статистикалық комитет мүшелігіне кірген. Комитет мүшелері өлкеде географиялық, этнографиялық және экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, көптеген мәліметтер жинастырды.

Сонымен бірге, ұлы ақын Абай Құнанбаев та осы алғаш құрылған тарихи-өлкетану мұражайын  ұйымдастырушылардың бірі болған. Сол мұражайға ақын 60-қа таяу экспонаттар өткізгенін деректер растайды. Оның көбі этнографиялық бұйымдар. Үлкен ет салатын табақ, қымыз құятын құтылар, қобыз, асатаяқ, шоқпар, айбалта, қамшы, кебеже т.б. – мұның бәрі Абайдың өзі тұтынған, қолмен ұстаған заттары.

Көп жылдар бойы музейде География қоғамының мүшелері Б.Г.Герасимов, А.Баландин, И.Власов, Г.Корнилов, жергілікті өлкетанушылар ағайынды Алексей Николаевич және Виктор Николаевич Белослюдовтар еңбек етті.
Музей қаланың ортасында бұрынғы Губернатордың үйінде орналасқан. Бұл ХІХ ғасырдың аяғындағы архитектуралық ескерткіш өзінің тарихи әсемдігімен көз тартады.

Музей экспозициялары алғашқы бесжылдықтар кезіндегі өңіріміздің халық шаруашылығы салаларының құрылып қалыптасуын және даму барысынан сыр шертеді. Стахановтық қозғалыстың алғашқы қолдаушылары, Турксиб темір жолы, ет-консерві комбинаты, кеме жөндеу зауыты сияқты алып құрылыстардың салыну тарихымен, еңбек ерлерімен таныстырады.

Мұнда соғыс жылдарының қасиетті ескерткіштері де көптеп кездеседі. Бұл жерлес батырларымыздың жеке заттары, киім-кешектері, қару-жарақтары, сирек кездесетін фотосуреттері мен басқадай құжаттары.
Музей композициялары Семей өңірінің тарихи және мәдени мұрасы жөнінде мәлімдейді. Қазіргі кезде музей қорын 96 мың сақтау бірлігі құрайды. Қордың негізін археология, этнография, ОГҚ Семей бөлімшесі қызметкерлерінің жазба еңбектері мен баспа кітаптары, ХІХ-ХХ ғғ. фотосуреттері,  құжаттары құрайды. Музей тақырыптық кештерді, дөңгелек үстелдерді, ғылыми-практикалық конференцияларды жүргізеді.

Парақтар өзгертілді: 11-09-2013