Атаулы күндер тізбесі


Қазан

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапхананың ашылғанына 130 жыл

2013 жылдың 3 қазанында Шығыс Қазақстан облыстық кітапхананың ашылғанына 130 жыл толып отыр. Кітапхана – 1883 жылдың 3 қазанында Семей өңірінде облыстық санақ комитеті үйінде ашылған тұңғыш кітапхана. Алғашқы ашылған жылы қоғамдық кітапхананың 130 оқырманы, 274 дана кітап қоры болған. Қоғамдық кітапхананың ашылуына себепкер болған саяси жер  аударылғандар, қазақ халқының ағартушысы Абай Құнанбаевтың сырлас досы және ұстазы Е.П.Михаэлис бастаған, А.А.Леонтьев, П.Д.Лобановский, С.С.Гросс, Н.И.Долгополов сияқты орыс интеллегенттері еді.

1902 жылы желтоқсан айында Семей қаласында тегін пайдаланатын оқу залы ашылып, оған қайтыс болғанына 50 жыл толуына байланысты орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің есімі берілді.
1906 жылы ақысыз оқу үйі мен қоғамдық кітапхана біріктіріліп, Н.В.Гоголь атындағы қоғамдық кітапхана болып аталды.
Кітапхана қоры Кеңестік дәуірге дейін орыс тілінде шыққан сөздіктердің ең бай қорымен: «Брокгауз бен Эфронның энциклопедиялық сөздіктері» (1890-1894 жж.), «Толық орыс-француз-неміс сөздігі» (1826 жж.), «Орыс-қырғыз азбукасы» (1914 ж.), «Грек-орыс сөздігі» (1848 ж.), т.б. анықтамалармен де бағалы.

Кітапханада өлкеміздің шежіресін шертетін: «Обзоръ Семипалатинской области» (1898 ж.), «Советская степь» (1929 ж.), «Екпінді» (1935-1951 жж.), «Еңбекші қазақ» (1931 ж.), «Прииртышский коммунар» (1936 ж.), «Социалистік майдан» (1931 ж.), «Прииртышская правда» (1929-1962 жж.), т.б. аймақтық басылымдар шыққан кезінен бастап қорда сақтаулы.

1996 жылы «Сорос-Қазақстан» қорының байқауына қатысып, жеңіске жеткен ұжым бүкіләлемдік Интернет жүйесінің желісіне қосылды.
Абай кітапханасы заман талабына сай жаңа технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалана, меңгере отырып, үздіксіз даму үстінде.

 

 

Парақтар өзгертілді: 22-10-2013