Атаулы күндер тізбесі


Желтоқсан

Жазушы, ақын Жекен Жұмахановтың туғанына 100 жыл

Жазушы, ақын Жекен Жұмахановтың туғанына 100 жылЖекен Жұмаханов 1913 жылы 5 желтоқсанда Семей облысы Абай ауданы Жүрекадыр ауылында дүниеге келген. 1938 жылы Алма-Ата қаласындағы Қазақ коммунистік журналистер институтын бітірді. 1932-1934 жылдары Семей қаласында  мұғалім, Жарма аудандық жер бөлімінің хатшысы  болып істеді. 1938-1941 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері болып қызмет атқарды.
Ол Ұлы Отан соғысына қатысты.  1939 жылдан бастап шығармалары басылды.  Әлия Молдағұлова, Ибраим Сүлейменов, Бексұлтан Рахметов туралы очерктер жазды. 1946-1978 жылдары Семей облысында  «Социалистік Қазақстан» газетінің  редакциясында бөлім меңгеруші, меншікті тілші, «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, «Мәдениет және тұрмыс» журналында  бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды.

1950 жылы алғашқы «Жорықтар жолы» («Пути походов») повесті жарияланды. Кейін «Әлия» (1958), «Солдат жолы» («Путь солдата», 1958), «Жазылмаған кітап» («Ненаписанная книга», 1959), «Келін» («Сноха», 1960), «Қаракөз қарындасым» («Черноглазая сестра», 1962), «Махаббат пен мансап» («Любовь и карьера», 1970), «Мен жұмысшымын» («Я – рабочий», 1972) әңгімелер мен повестер жинақтары, «Соқпақ соңы» («Конец тропы», 1967) романы басылып шығарылды.

Ж.Жұмахановтың шығармалары орыс, украин, ағылшын, француз, испан, неміс және т.б. тілдерінде жарық көрді. Жазушы Қызыл Ту орденімен марапатталды.

 

Ақын Нұркенже Хасеновтың туғанына 70 жыл

Нұркенже Базарбайұлы Хасенов2013 жылдың 30 желтоқсанында ақын Нұркенже Хасеновтың туғанына 70 жыл толып отыр. Нұркенже Базарбайұлы Хасенов 1943 жылғы 30 желтоқсанда Аягөз ауданының «Шолпан» колхозында дүниеге келген.
Оныншы сыныпты бітірген соң туған колхозында жұмыс істеді. Кейін Алматы қаласындағы  С.М.Киров атындағы мемлекеттік  университетін үздік аяқтады.

1969 жылы «Жазушы» баспасында  «Бушует море» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді. «Горсть земли» (1971), «Прятки» (1973) кітаптары шығарылды. 1978 жылы «Жалын» баспасы Н.Хасеновтың «Ай-Таңсық» атты төртінші кітабын басып шығарды.

Нұркенже Хасенов орыс және шетел ақындарының бір қатар өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

 

 

 

 

Парақтар өзгертілді: 31-12-2013