Атаулы күндер тізбесі

Қаңтар

Ұлы Отан соғысына қатысушы, ардагер Төлеуқадыр Жұмабекұлы Жұмабеков 95 жаста

Ұлы Отан соғысына қатысушы, ардагер Төлеуқадыр Жұмабекұлы Жұмабеков 95 жаста2015 жылғы 12 қаңтарда Ұлы Отан соғысына қатысушы Төлеуқадыр Жұмабекұлы Жұмабеков 95 жасқа толды.
Т.Ж.Жұмабеков 1920 жылы Семей облысының Абыралы ауданында дүниеге келді. Отызыншы ашаршылық жылдары отбасымен бірге Кемерово облысына, кейін Новосібір қаласына қоныс аударды, ол жерде ата-анасы тас карьерінде жұмысшы болып істеді. 1934 жылы әкесі қайтыс болғасын Т.Ж.Жұмабеков Семейге қайтып оралды, № 2 балалар үйінде тәрбиеленді.  

1938 жылы Төлеуқадыр Жұмабекұлы Семей геология барлау техникумына оқуға түсті, 1940 жылы үшінші курста Кеңес Армия қатарына шақырылды. Вологда қаласында қорғаныс артиллериялық бөлімінде қызыл әскер жауынгері болып қызмет атқарды, ал 1941 жылғы наурыз айында Горький облысы Дзержинск қ. 248-ші зениттік-артиллериялық бөлімінің оқу батареясына ауыстырылды. Осы жерде  Төлеуқадыр Жұмабекұлы Ұлы Отан соғысын қарсы алды. Кіші сержант атағында зениттік артиллерия есептоптарының зеңбірек командирі болып тағайындалды. 1941 жылғы шілде айында батарея 176-шы зениттік-артиллерия полк құрамына кіргізіліп Мәскеу қаласына ауыстырылды, 1944 жылға дейін Мәскеу қ. қорғанысына қатысты. 1943 жылы Т.Ж.Жұмабеков сержант атағын алды, ол зениттік зеңбірек командирі болып тағайындалды. Төлеуқадыр Жұмабекұлы Солтүстік, Калинин, 2-ші Прибалтика және 1-ші Белоруссия майдандарында соғысты, Латвияның Резекне қ., Польшаның Торн қаласын азат ету мен қорғауына қатысты, және Жеңіс Күнін 1945 жылғы 9 мамырды сол жерде қарсы алды.  

Т.Ж.Жұмабеков Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Москваны қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін»,  «Белоруссияны азат еткен үшін» медальдарімен және басқа да көптеген мерейтойлық медальдарімен марапатталды.

Парақтар өзгертілді: 26-01-2015