Архив тарихы

Қазақстандағы көне Семей облыстық Мемлекеттік мұрағат тарихына, қазіргі ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығына 91 жыл толып отыр.
Семейде кеңес үкіметін қайта қалпына келтіру үшін Колчак әскерлерімен болған күрес енді басылған кезеңде, 1920 жылдың 29 наурызында губерниялық революциялық комитеті «Өлкеміздің тарихы туралы құнды деректерді жинап және сақтау үшін губерниялық мұрағат қорын құру» туралы шешім қабылдады.

Алғаш губерниялық мұрағат қорының жетекшісі болып Н.Я.Коншин тағайындалды. Қоғам қайраткері, өлкетанушы, Ярославск заң лицейі мен  Мәскеу университетінде білім алған ол - Ресей географиялық қоғамының Батыс – Сібір бөлімшесінің мүшесі болды, мұрағат құжаттарымен көп жұмыс істеді, жазған бірқатар еңбектердің «Дело о Дубинушке», “Жандармские наблюдения за семипалатинскими чиновниками”, “Материалы по истории политической и административной ссылки в Степной край” авторы ретінде де танымал болды.

Н.Я.Коншин

Коншин губерниялық мұрағат жұмысына Қазақстанның Ертіс өңірінің тарихын, оның әлеуметтік-тұрмыстық жағыдайын, мәдениетін жақсы білетін Н.А.Бахирев, Б.Г. Герасимов сияқты танымал өлкетанушыларды тарта білді. Мұрағатқа тас бөлме бөлінді (ені 6 қадам және ұзындығы 12), штат 4 адамнан тұрды.

1920 жылы 1 сәуірден бастап Коншин және оның әріптестері аса қиын да маңызды іске кірісті – революцияға дейінгі кезеңдегі бытыраңқы және қараусыз қалған мұрағаттық мекемелерді топтастыру. Азамат соғысы мұрағат ісіне түзелмейтін зиянын тигізді – құжаттар жағатын отынның жоқтығынан, макулатура ретінде сатылды. Сондықтан, 1920 жылдың тамызында губерниялық мұрағаттың қызметкерлері жан-жақтағы уездерге іс-сапарларға шығып, уақыт өткізбей, сақталған құжаттардың санын нақтылауға және оларды сақтап қалу үшін шаралар қолдануға кірісті.

Жұмыстың ауыр жағдайына қарамастан, Н.Я.Коншин өзінің кішігірім ұжымымен, қысқа мерзім ішінде революцияға дейінгі өлке мекемелерінің өте құнды ондаған мың материалдарын жинақтады, яғни: земстволық, сот, полицейлік және жаңа, кеңестік құрылымдардың: губревкомның, губерниялық атқару комитетінің, губерниялық халық шаруашылығының, губерниялық жер бөлімінің құжаттарын жинақтауды ұйымдастырды. Осымен қатар құжаттарды сипаттау, оған ғылыми-анықтамалық аппарат құру қоса жүргізілді.

1928 жылы мемлекеттік мұрағатта сақталуда 40 мың іс болса, ал 1939 жылы ол – 194 мыңға жетті. 1947 жылы Қазақстанның орталық мұрағаттарын нығайтуда және республиканың мемлекеттік мұрағаттарының бағытын нақтылауда, 1786-1917 жылдар кезеңі аралығындағы 10 мыңға жуық іс сақталған 147 қор Алматы қаласындағы Қазақ КСР-ның Орталық мемелекеттік мұрағатына тапсырылып, Қызыл Әскер тарихына, ерекше маңызы бар бөлімшелер, әскери гопитальдерге қатысты бірқатар қорлар Мәскеу және Ленинград қалаларындағы арнайы мұрағаттарға жолданды. Семей мұрағатының қорлары Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында мемлекеттік мұрағаттар ашуға негіз болды. Олар өздерінің құрылу тарихына қатысты материалдарын Семей мұрағатынан алды. Ал, кезінде Семей және облыс мекемелерінің қызметіне қатысты құжаттар Омбы, Новосібір, Томск, Талдықорған облыстық мемлекеттік мұрағаттарынан алынған болатын.
80-ші жылдары облыстық мұрағат мекемелерінің жүйесі кеңейтілді. Қаз.КСР Министрлер Кеңесінің 1985 жылғы 15 шілдедегі № 248 Қаулысына орай, облыста 12 аудандық мұрағаттар құрылды.

1997 жылы Семей облысының таратылуына байланысты мұрағат, ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы болып қайта құрылды.
ҚЗТҚО құжатар құрамын 591 276 сақталу бірлігі құрайды, мұрағат қорлар саны – 2 442, онда 1917-2009 жылдардың құжаттары бар; 7 049 бірлік – фотоқұжаттар, 123 қор – фоно/дыбыстық/, 1 077 бірлік – киноқұжаттар, бір жарым мыңнан астам бірлік ғылыми-техникалық құжаттаманы құрайды.

ҚЗТҚО- да сақталған көп мыңдық қор жинағы – Ертіс өңірі Семейдің тарихынан сыр шертеді, ол біздің өлкеміздің әлеуметтік дамуын, Семей қаласының Қазақстандағы ірі өнеркәсіп және мәдени орталығына айналғанын көрсетеді. Құжаттарда – көпшілікті елең еткізген, бірінші бес жылдықтағы аса зор құрлыстар – Түркісіб, «Восточное кольцо » жолы, Ертістегі алып өнеркәсіп – ет консерві комбинаты: міне осының бәрі тарихта із қалдырған сонау, лениндік кооперативтік жоспардың – 1918 жылы Петроград жұмысшыларымен ең алғаш коммунадан бастап, арнайы ірі колхоздар мен совхоздардың құрылғанын көруге болады.

Семей облысының Мемлекеттік мұрағаты орналасқан ғимарат

Ұлы Отан соғысы жылдарының құжаттары – бұл біздің жерлестеріміздің еңбек және майдандағы батырлық ерліктерінің жылнамасы. Мемлекеттік мұрағат қорларында майдан мен тылдың өзара берік байланысын көрсететін – соғыстағы жерлестерімізге азық-түлікпен, киім-кешекпен көмек бергендігі туралы көптеген мәліметтер бар. Құжаттар облыс территориясында 8-ші Ямпольск және 30-шы гвардиялық Рига атқыштар дивизияларының құрылғандығы туралы сыр шертеді.
Семейліктердің Сталинград қаласын, Ставрополь, Краснодар аймақтарының, Орлов облысының соғыстан зардап шеккен шаруашылықтарын қалпына келтіруге қатысқандары туралы материалдар үлкен қызығушылық тудырады.

Сақталған фотосуреттер, киноқұжаттар, аудиожазбалар қаламыздың тамаша дарынды қонақтарымен – көрнекті қазақ жазушысы М.О.Әуезовпен, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевпен, Ф.М.Достоевскийдің немересі А.Ф.Достоевскиймен, Невзоровтар жанұясымен, көркем мұражайының негізін қалаушылармен, жазушы және қоғам қайраткері О.Сүлейменовпен болған кездесулерді растайды.

ҚЗТҚО-ның мұрағат қоры – жеке текті құжаттарының баға жетпес асыл қазынасы. Олар – азамат және Ұлы Отан соғыстарының ардагерлері мен Кеңес Одағы Батырлары: Н.Н.Силиннің, А.Ибраевтың, Ж. Молағалиевтің, А.А. Баздыревтің, М.М. Медведевтің, Социалистік Еңбек Ерлері – М.Бейсембаевтың, Р. Нұржанованың, Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген дәрігері – А.Қозбағаровтың, жазушылар М. Сәрсекеевтің, Д.Черепановтың, С.Т. Табариковтың, Қазақ КСР-ның Халық артисі К.Сәкиеваның, Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген артисі Т.Иісованың, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі М.М.Беляевтың, ақын Қ.Алтынбаевтың және Ертіс өңірі Семейдің еңбек сіңірген адамдарының тағы басқа көптеген түпнұсқа құжаттары бар.
ҚЗТҚО «алтын қорының» ажырамас бөлігі – газеттер қоры болып табылады, олар 1905 жылдан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтиды. 1918 жылғы «Известия», 1905 жылғы «Вечерняя почта», 1917 жылғы «Воля народа», 1918 жылғы «Трудовое знамя» сияқты газеттері тек ҚЗТҚО-ның қорларында сақтаулы.

Дегенмен, құжаттарды жинау және сақтау бір ғана мақсат емес. Мұрағат материалдары – халық шаруашылығының, тарихтың, экономиканың, саясаттың келелі мәселелерін зерттеуде таптырмайтын дереккөз. ҚЗТҚО-ның құжаттары негізінде Ертіс өңіріндегі Семейдің тарихына қатысты: "Из истории Семипалатинска" (қаламыздың 285 жылдығына), "Летопись Семипалатинских улиц", "История семипалатинских татар", "Полигон", "М.Ауэзов. Семипалатинский период"жинақтары мен кітаптары басылып шғарылды.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына дайындалу бойынша мұрағат үлкен жұмыстар жүргізді және жүргізіп келеді. "Летопись Семипалатинского Прииртышья в годы Великой Отечественной войны 1941-1945 гг." атты кітапшасы, «"Прииртышская правда", "Екпiндi"; "Всегда в строю" облыстық газеттері негізінде Кеңес Одағының Батыры Н.Н. Силиннің өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған, оның жеке қоры ҚЗТҚО-на мемлекеттік сақталуға алынған; "Завтра возвращаюсь на фронт…" (Семей қаласындағы эвакогоспитальдердің тарихынан, № 6 мектеп-гимназиясымен бірлесіп дайындалған) кітапшалары басылып шығарылса, Семей қаласында құрылған 2 дивизия туралы, «Семипалатинские дивизии» брошюрасы баспаға дайындалуда.

Ысқақов Ш.Қ. – Семей облыстық атқару комитетінің мұрағат бөлімі меңгерушісі
ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының директоры Г:Т. Қасымова

90 жыл ішінде мұрағат аса ірі деректану негізіне айналды. Оның құжат байлығы кім-кімге болсын, академик пен профессорға да, суретші мен жазушыға, мұғалімге, студентке, оқушыға – өз туған өлкесінің тарихы қызықтырған барлық жанға көмегін тигізді.

90-шы жылдардағы қоғам өміріндегі ірі тарихи оқиғаларға байланысты: республикамыздың тәуелсіздік алуы, жариялық, тарихи ғылымдарға жаңа көзқараспен қарау, ондаған жылдар бойы қалыптасқан таптаурынға басқаша, сыни қарау, мұрағатшылар жұмысының әдістері мен түрлері өзгере бастады.
Ендігі кезеңде, негізгі назар аз зерттелген тақырыптар бойынша құжаттарды айқындауға және олардың ғылыми айналымға енгізілуіне аударылды. Ж.Аймаутов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, А.Лекеров сияқты ақталған, тағдырлары Ертіс өңіріндегі Семеймен байланысты болған, қоғам және саяси қайраткерлер туралы айқындалған материалдар теле және радио бағдарламаларын түсіруге ғана емес, сонымен қатар, алғаш рет құжаттар түпнұсқаларын ғылыми айналымға енгізуге себеп болды.
Бұрын жер аударылған – кеңестік немістерге байланысты, Семей губерниясындағы бай-жартылай феодалдардың мал мен мүліктерін тәркілеу, аштық, күштеп ұжымдастыру туралы үлкен көлемде құжаттар айқындалды. «Ақ таңдақтардың» жойылуына, көптеген ұрпақтың тағдырына өз әсерін тигізген тарихи оқиғалардың шындығын ашуға мұрағатшылардың тигізген еңбегі өте зор. Осы айқындалған материалдар “Неизвестные страницы истории Семипалатинского Прииртышья” (20-30-е годы ХХ в.) құжаттар жинағына енгізілді.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда ҚЗТҚО-ның мұрағатшылары да өз үлестерін қосты. 2002 жылғы мамырдан 2009 жылғы желтоқсан аралықтарында Омбы қаласына (3 рет), Томск мемлекеттік мұрағатына, Алтай өңірінің мұрағат қорын сақтау орталығына, Санкт-Петербург қаласындағы Мемлекеттік тарихи мұрағатқа және Мәскеудегі Ресей мемлекеттік ежелгі актілер мұрағатына, сондай-ақ ҚР ОММ-на 10 іссапарлар жүзеге асырылды. Аталған мұрағаттарда айқындалған құжаттар Ертіс өңіріндегі Семейдің – оның әкімшілік орталығы Семей қаласының Ресеймен, Орта Азия мемлекеттерімен, Қытай Халық Республикасымен көршілік тату және достық қарым-қатынастарда маңызды орын алатын ішкі және сыртқы сауданың дамуындағы ролі туралы жазылған "Торговые связи Семипалатинского Прииртышья XVIII – начало XX вв." атты жинаққа енгізілді.

Мұрағаттық қойма

Баспадан жарық көрген «Административно-территориальное управление Восточным Казахстаном» (XVIII в. – 30-е гг. ХХв.) атты құжаттар жинағына Шығыс Қазақстанның ұзақ кезең бойы, XVIII ғ.басынан ХХ ғ. 30-шы жылдар аралығындағы әкімшілік басқару және аймақтық құрылысының тәсілдерін айқындайтын мұрағаттық құжаттар енгізілсе, «Развитие горного дела в Восточном Казахстане (XVIII в. – 30-е гг. ХХв.) жинағына Шығыс Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібінің негізгі  салалары – алтын және түрлі-түсті металл кенінің пайда болуы мен дамуы туралы мұрағат құжатары енді.

Шығыс Қазақстанға танымал өлкетанушы, тарихшы мұрағатшы Н.Я.Коншиннің 145 жылдығына орай, оның еңбектері факсимиле әдісімен жарыққа шықты және ол қазіргі уақытта библиографиялық сирек кездесетін жинақ болып табылады.

Алаш партиясы қозғалысының 90 жылдығына орай, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ұстаздарымен бірлесіп «Из истории Восточного отделения Алаш-Орда» атты құжаттар жинағы дайындалды.
Зерттеушілер үшін, үлкен көлемді құжаттармен еркін жұмыс жүргізу негізсіз жабық болды. Оларға мемлекеттік биліктегі мекемелер, мемлекеттік басқарма, әділет және бірқатар кәсіпорындар, бұрынғы партия мұрағат қорлары жатты. Зерттеушілердің осы қорларға еркін кіруін кеңейтуге және оларға қойылған шектеулерді алып тастауға мұрағатшылардың атқарған еңбегі зор. Құжаттарды құпиясыз ету үшін құрылған комиссия, 5 жыл бойы жұмыс атқару барысында, зерттеушілерге 11168 бұрынғы құпия құжаттарды ашып берді.

Бұрын құжаттардың қазақ тілінде оқылуына және ғылыми айналымға енгізілуіне аса мән берілмеді. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, мемлекеттік мұрағаттағы қазақ тілінде араб және латын графикасымен орындалған құжаттарға сандық және сапалық анализ жасалды. Қазіргі уақытта бұл құжаттар зерттеушілердің тәжірибелерінде өз орнын алса, мемлекеттік тілге мұрағат ісі бойынша ғылыми-әдістемелік материалдардың аударылуы жүзеге асуда және қазақ тіліндегі құжаттар ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен теле және радио бағдарламалары барысында кеңінен насихатталуда.

Мұрағаттың ҚЗТҚО-ын құжаттармен толықтаратын мекемелерді, кәсіпорындарды, шаруашылықтарды құжаттауда ролі едәуір өсті. Іс-жүргізу, құжаттың сақталуы қаншалықты жақсы қойылған болса, соғұрлым оның құнды мәлімет дереккөзі ретіндегі сапасына да байланысты болады. Бұл бүгінгі күні өте маңызды болып отыр, себебі көптеген өндіріс орындары қайта құрылып, өзіндік меншік түрлері ауысып жатқанда құжаттардың қараусыз қалуына байланысты жоғалып кету қаупі бар. Тарих жолдары қайта қайталанып, мұрағат сонау бастапқы құрылған жылдардағыдай ұлттық құндылық болып табылатын – құжаттарды сақтауға тағы да кірісті.

Бұл құжаттарда – мұрағатқа сұраныс жасайтын адамдардың тағдырлары жатыр. Жыл сайын Орталық Қазақстан азаматтарынан, ТМД мемлекеттерінен және алыс шетелдерден келіп түскен 7000 әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұраныстарды орындайды.

Бірақ, ешбір қиыншылықтарға қарамастан, мұрағат қызметкерлері біздің қиын кезеңдегі құжаттық деректерді жинап, оны сақтау үшін барлық күш-жігерлерін салуда. Әдетте олар, шындықты бұрмаламайтын тіркеушілер
мен құжат сақтаушылар. Мұрағатшы мамандығы түпкі дерек көзінен кеңінен ақпарат алуға мүмкіндік беріп қана қоймайды, соған қоса тарихи сезімді өрбітеді, әбігершіліктен назарын аудартады, болмашылықты ажыратуға үйретеді. Мұрағатта адам көп уақыт жұмыс істемейді, немесе біржола жұмысқа қалады деген қағида бар екені баршамызға мәлім.

Кез-келген облыс мұрағаттарында білікті мамандардың ұйытқылары бар, оларға жұмыс берсең, соны аяғына дейін апарып, тиянақты орындайды, жұмыста әрқашан көмекке келеді, ақылын айтып, үйретеді. Солардың ішінде ерекше сый - құрметке бөленген мұрағат ісінің ардагерлері Т.О.Түсінбаева, Б.Б.Нәкібаева, М.И.Перебеева, Ж.Б.Өксімбаева, Н.А.Полякова, Л.А.Гаврюшенколарды атап айтсақ, ал олардың тәжірибесі мен еңбекке деген көзқарастарын кейінгі толқын жастарымыз – мұрағатшы-мамандар М.М.Құрманғалиева, Л.Қ.Қадырова, Г.О.Құсаинова, Е.Ю.Панина жалғастырып келеді.

Мұрағатшылар өз табыстарымен, жоғары шеберліктерінің арқасында мұрағат ісіне шексіз берілген, оны мемлекеттік маңызы бар деп танып, құжаттарды – халықтың тарихи ескерткішін сақтауға көмегін тигізген өз адамдарымен әрдайым мақтанады.

Парақтар өзгертілді: 22-06-2018