Кеңес Одағының Батыры Айткеш Абайұлы Ибраевтың туғанына 95 жыл (1924-1944 жж.)

Айткеш Ибраев Семей облысы Жаңасемей ауданы Новобаженово ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Мектепте өте жақсы оқып, оқуы үшін бірнеше грамоталар алды. Ол 1941 жылы толық емес орта мектептің курсын бітірді.

Мектепті бітіргеннен кейін А. Ибраев қаржы техникумына оқуға түсті. Техникумды бітіргеннен кейін, 1942 жылы Семей облысы Жаңасемей ауданының Қызыл-Құйған колхозында есепші болып жұмыс істеді. Жастығына қарамастан,  Айткеш Абайұлы колхозда өтетін барлық қоғамдық жұмыстарға қатысып, еңбек еткен колхозы социалистік жарыстар бойынша көшбасшы болуы үшін, өзін сол жолдағы белсенді күрескер етіп көрсетті. Айткеш Абайұлы колхозшылар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, адамдарды қоғамдық-пайдалы жұмыстарға тарта білді.

Майданға А. А. Ибраевты 1942 жылдың 7 қыркүйегінде шақырды. Майданға ол өзінің жерлесі,  бірге орта мектепте оқыған Сәду Сегізбаевпен кетті. Олар бір бөлімге, батареяға бірге түсіп, жауға тойтарыс беру үшін өз мамандықтарын барынша ынтамен меңгере бастады. Старшина Айткеш Ибраев - танкіге қарсы қарудың командирі болса, ал сержант Сәду Сегізбаев – көздеуші болып шығады. Майданда олар БКП(б) қатарына кірді.

Артиллерист-жерлестердің әскери істері мен әскери іс-әрекеттері туралы бөлімнің барлық жауынгерлері таныс болды. Олар туралы Данилов "Семипалатинцы в боях за Родину" атты мақала жазды, ол "Прииртышская правда" газетінде жарияланған болатын. Сондай-ақ, олардың ерліктері туралы тылдағы қазақстандықтар да білді.

Майданға шақырылған сәттен бастап-ақ А.А. Ибраев Батыс, Калинин, Орталық, Брян және 2-ші Белорус майдандарындағы шайқастарға қатысты. Айткеш Абайұлы бірнеше рет неміс-фашистік басқыншылармен шайқаста ерекшеленіп, көзге түсті.

Қызыл Жұлдыз орденіне ұсынылған марапаттау парағында А.А. Ибраев туралы былай делінген, 1943 жылғы 2 қыркүйекте Варваровка ауылында болған ұрыстарда ол, 45 мм зеңбіректі взводына басшылық ете отырып, батылдық пен ержүректілік көрсетті. Атыс бөлімшелерінің шабуылын қолдай отырып және қарудың атылуын бағыттай отырып, оның тобы қарсыластың 4 пулемет нүктесін және бір бағыттаушы-барлаушының көзін жойды. Осы шайқасты жүргізгені үшін 50-ші армияның 380-ші Орлов атқыштар дивизиясының 1943 жылғы 28 қазандағы бұйрығымен А.А. Ибраев Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.

А.А. Ибраев Кеңес Одағының Батыры атағын 1944 жылы 6 шілдеде жасаған ерлігі үшін алды. Марапаттау парағынан: "... 1944 жылдың 6 шілдесінде Могилев облысы Червинский ауданы Шеметово-Пиками ауылы ауданында Ибраев өзінің 45 мм зеңбіректі взводымен бірге жаяу әскерлердің қатарымен алға жылжып отырды. Ұрыстың дәл шешуші кезеңінде, жау осы бөлімшені ірі күшпен және техникамен басып алып, қоршауды бұзып өтпекші болғанда, жолдас Ибраевтың взводы өліспей беріспеді. Қарсыластар өте алмады.

Жолдас Ибраев өзі тікелей нысанға алып 192 неміс солдаты мен офицерін атып, 19 автомашинаны өртеп, 55 оқ-дәрісі бар арбаны, танкіге қарсы 6 зеңбіректі және 12 пулемет нүктелерін жойды. Дегенмен жау батареяға жақындай алды, сол кезде жолдас Ибраев взводты алып, шабуылға шықты, шабуыл сәтті аяқталып, Ибраев бір өзі 8 немістің көзін жойып, қаруларды сақтап қалды. Неміс оккупанттарымен күресте Отан алдындағы көрсеткен еңбегі үшін жолдас Ибраев Кеңес Одағының Батыры атағын алуға лайық...".

1944 жылдың 20 шілдесінде Белосток облысы Гродненск ауданының Төменгі Погораны ауылының ауданында, Ибраев Айткеш, 45 мм зеңбіректі взводты басқара отырып, зеңбіректі ашық атыс позициясына шығарып, жаудың 6 пулемет нүктелерін және 27 сарбазы мен офицерінің көзін жойды. Бұл шайқаста Айткеш ерлікпен қаза тапты. Ол қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.

Өзінің қысқа да, бірақ көрнекті өмірінде А.А. Ибраев ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды, қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды.