Семей қалалық партия комитетінің хатшысы, Семей қаласының Құрметті азаматы Исхатбек Мамедбақовтың туғанына 90 жыл

Исхатбек Қадырұлы Көкшетау қаласында дүниеге келді. Ол 1947 жылы орта мектепті үздік медальмен бітіріп, Одессаның технологиялық институтының тамақ өнеркәсібі мандығына қабылданады. 1952 жылы институтты бітіргеннен кейін Семей облыс аралық «Казглавмельхозмука» диірмен басқармасының бас инженері лауазымына жіберілді. 1956 жылдың сәуір айында Қазақстан КП Семей қалалық комитетіне нұсқаушы, ал 1957 жылдан өнеркәсіп-көлік бөлімінің меңгерушісі болып ауыстырылды. 1960 жылдың тамызында қалалық комитет пен облыстық партия комитетінің ұсынысы бойынша Исхатбек Қадырұлы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға түсті.

1965 жылы Исхатбек Қадырұлы Семей қалалық еңбекші-депутаттар Кеңесінің атқарушы комитетінің төрағасы болып сайланды, ал 1969 жылы облыстық атқару комитетінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылды.1973 жылдың қазан айында Семей қалалық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1982 жылдың мамыр айында ол облыстық нан өнімдері басқармасының бастығы болып ауыстырылды. 1989 жылдан бастап, зейнеткерлікке шыққаннан кейін, ол өз қызметін тоқтатқан жоқ – Семей ядролық сынақ полигонындағы  ядролық сынақ зардаптарын жою жөніндегі комитетінің бас маманы болып жұмыс істеді.

И.К. Мамедбаков қаланың құрлысы мен оның абаттандыруына үлкен үлес қосты. Оның көмегімен балабақшалар, мектептер, Семей автожөндеу зауыты іске қосылды. Ол қаланы телефондандыру бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Адал және шығармашылық еңбегі үшін Исхатбек Қадырұлы екі рет Құрмет Белгісі орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.