КСРО ағарту ісінің үздігі, жоғары санатты ұстаз Любовь Борисовна Кравченконың туғанына 70 жыл

Любовь Борисовна Семей қаласында туған. 1966 жылы №29 орта мектепті бітіріп, осы мектепте пионер вожатый болып жұмыс істей бастады, сонымен қатар Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтының сырттай бөліміндегі оқуын қатар жалғастырды.

1970 жылдан 1976 жылға дейін Семей қалалық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Семей облыстық комсомол комитетінің лекторлық тобының меңгерушісі, Жаңасемей аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып жұмыс істеді.

1976 жылы Семей қалалық білім бөлімінің бұйрығымен Л.Б. Кравченко №6 орта мектепке сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыс бойынша ұйымдастырушы болып тағайындалды. 1982 жылы Любовь Борисовна тарих және география пәнінің мұғалімі болып ауыстырылды.

Любовь Борисовна сыныптан тыс үлкен жұмыс атқарды, мектеп өлкетану музейін құруға белсенді қатысты, 1998 жылдан қазіргі уақытқа дейін оның жұмысына басшылық жасайды. Музей оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығы болып табылады. Мұғалімдер мен оқушылардың бірнеше буыны туған өлкесіне жорыққа аттанып, табиғатты, мәдениет ескерткіштерін, алыс және жақында өткен оқиғаларды зерттеді. Мектеп өлкетанушылары үлкен ізденіс және ағартушылық жұмыстар жүргізуде. Любовь Борисовна оқушылармен бірге бірнеше рет археологиялық қазба жұмыстарын жүргізетін экспедиция құрамында шығып, жаяу жүргіншілердің туристік жорықтарын жүргізді. 1999 жылы музей Шығыс Қазақстан облысының "Атамекен" мектеп оқушыларының туристік-өлкетану экспедициясының сырттай конкурсында 1-ші орынды, 2003 жылы Шығыс Қазақстан облыстық мектеп музейлерінің байқау-конкурсында тағы да 1-ші орынды алса, 2008 жылы республикалық мектеп музейлерінің байқауында 1-ші орынды иеленді.

Л.Б. Кравченко "Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Үздігі" белгісімен марапатталды, тарих пәнінің жоғары білікті мұғалімі. Білім беру жүйесіндегі мінсіз шығармашылық еңбегі үшін бірнеше рет Шығыс Қазақстан облыстық және Семей қалалық білім департаментінің дипломдарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Любовь Борисовна ғылыми-әдістемелік жобалардың қалалық педагогикалық конкурстарында, ғылыми-практикалық конференцияларда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. 2007 жылы жемісті педагогикалық қызметі, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі және қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін Семей қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.