Биыл жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, профессор Панин Михаил Семеновичтің туғанына 80 жыл (1940-2020 жж.).

Михаил Семенович Семей педагогикалық институтының биология-химия факультетін бітіріп, ассистенттен бастап оқу орнының бірінші басшысына дейінгі жолынан өтті. Химия кафедрасының меңгерушісі, биология-химия факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректор, педагогикалық институттың ректоры, жаңадан құрылған «Семей» мемлекеттік университетінің ректоры, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бірінші проректоры болды. Оқу және ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, жаңадан құрылған Семей мемлекеттік педагогикалық институтының экология және география кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

image-520-632.jpg

Михаил Семенович Қазақстан биосферасындағы химиялық элементтердің құрамы мен миграциясын зерттеу саласындағы республиканың жетекші ғалымы болды. Ол шетелдік, республикалық, ЖОО басылымдарында жарияланған бес ірі ғылыми монографияның, 1300-ден астам ғылыми жұмыстың, жоғарғы мектеп проблемалары бойынша 190-нан астам ғылыми-әдістемелік жұмыстың авторы. Оның жетекшілігімен «Экология», «Геоэкология» мамандықтары бойынша 5 докторлық, 32 кандидаттық және 54 магистрлік диссертация дайындалды және қорғалды.

Жемісті ғылыми-педагогикалық қызметі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен, «Пушкин атындағы», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен, «КСРО Ағарту ісінің үздігі», «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және т.б. көптеген белгілерімен марапатталды. Ғылымның дамуына зор үлес қосқаны және ықпал еткені үшін «Әлемнің жетекші ғалымы» деп танылды. «Әлемнің жетекші ғалымдары» сыйлығының номинанты ретінде «Әлемнің жетекші ғалымдары-2007» күміс медалімен, ерекше дипломмен марапатталды және әлемге әйгілі «21 ғасырдың көрнекті ғалымдары» анықтамалығына енгізілді. 2008 жылдың қорытындысы бойынша оған Семей қаласы әкімінің «Жылдың үздік ғалымы» номинациясы берілді.