Ядролық қарусыз әлем

Биыл «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылғанына 31 жыл толып отыр. Антиядролық қозғалыс – ядролық соғыс қаруын жасауға, сынауға, қолдануға қарсы әлем халқының бірлескен қарсы күресі.

image-556-694.jpg

1946 жылы 25 желтоқсанда КСРО-да алғаш рет бірінші реакторда уран бөлінісінің басқарылатын ұласпалы реакциясын жүзеге асырған жоба жетекшісі И.В.Курчатов болды.

Ядролық полигонның аумағы Семей, Павлодар мен Қарағанды облыстарының бір бөлігін алып жатты. Ең алғаш Семей полигонында ядролық жарылыс 1949 жылы 29 тамызда болды.

image-556-695.jpg

Антиядролық қозғалыс идеясын ұсынған Қазақстанның белгілі ақыны, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов жетекшілік етті. Антиядролық қозғалысының мақсаты – Семей ядролық полигонын жою, әлемдік ядролық қаруды сынақтан өткізуді тоқтату болды. Қозғалыс сөзінің атауын әлемдегі ең ірі екі ядролық полигон: Невада штатында (АҚШ) және Семей қаласының маңы (КСРО) болғандықтан, орналасқан жерінен алды.

image-556-696.jpg

«Невада-Семей» қозғалысы халықаралық деңгейде танылды, өйткені ол жоғары ізгілікпен, адамзатты сүюмен ерекшеленді және әлемдегі бірінші көпшілік халықаралық антиядролық қозғалыс болды. image-556-697.jpg

1991 жылдың 29 тамызында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың №409 Жарлығымен 40 жыл ажал отын шашқан полигонның жабылуы – әрісі Қазақстан халқы үшін, берісі Ертістің Семей өңірінің тұрғындары үшін теңдесі жоқ қуаныш, үлкен бақыт әкелді. Әлем бойынша төртінші орында тұрған Семей ядролық полигонын жауып, Қазақстан айрықша батылдық танытты. Осы орайда ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың саяси даналығы мен еркіндігін ерекше атап өткен жөн. Бұл – Қазақстанның абыройы, еліміздің әлемдік қауіпсіздікке сіңірген ерен еңбегі.

image-556-698.jpg

Ядролық қарусыз әлем – бұл біздің ортақ мақсатымыз, әрі адамзат осыған ұмтылуы керек. Тек бірлесе әрекеттенгенде ғана біз өз әлемімізді қауіпсіз ете аламыз.

Ең күшті қарудың Қазақстан жерінде сыналуы 1991 жылы тоқтатылған сәттен бастап Семей қаласының бейбіт жасампаздыққа ұмтылған жаңа тарихы басталды. Халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы құрылғаннан бастап, 31 жыл ішінде семейліктер түрлі халықаралық шаралардың бастамашысына айналды.

image-556-699.jpg

Осы айтулы күнге орай «ҚЗТҚО» КММ архившілері архив қорында сақталған құжаттар мен суреттердің негізінде «29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн» атты шағын көрме ұйымдастырды.

image-556-700.jpg

Көрмеге Л.П.Берияның 1949 ж. 30 тамызда Кеңес атом бомбасының сәтті сыналып жатқандығы туралы И.В.Сталинге жолдаған баяндама-хатының көшірмесі, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының эмблемасы, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі О.О.Сүлейменовтың фотосуреті (2007 ж.), ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Семей ядролық сынақ палигонының жабылуы туралы  1991 ж. 29 тамызда жарияланған №409 Жарлығы, Курчатов ядролық реакторының көрінісі (1950 жж. жоғарыдан түсірілген), Семей полигонындағы жер асты және жер үсті ядролық жарылыстарының көрінісі (1949 ж., 1989 ж.), «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы акциясының суреті (1990 ж.), Семей ядролық палигоны туралы, оның жүзеге асырылуы және адамдардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянын нақты мәліметтермен ашу және полигонды жабу үшін «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының атқарған рөлі баяндалатын «ҚЗТҚО» КММ қорындағы материалдардың негізінде құрастырылып, жарыққа шыққан «Ядролық отқа қарсы» атты кітапшасы мен «Противостояние» атты жинағы ұсынылған. Сонымен қатар, ядролық сынақтардың құрбаны болған мүгедек балалардың фотосуреттері, антиядролық қозғалыс мүшелерінің көнференциясынан алынған фотосурет (1990 ж. 27 мамыр), «Невада-Семей» кеңестік-америкалық бейбіт шеруінің суреті (қыркүйек, 1990 ж.), Ядролық жарылыс нәтижесінде пайда болған шұңқырлар мен көлдердің, Семей сынақ палигонындағы ядролық ұңғымаларды жабу бойынша жүргізілген жұмыстардың суреттері ұсынылған.

image-556-701.jpg