Биыл Семей облыстық халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Серік Оралтайұлы Түменовтың дүниеге келгеніне 80 жыл толды. Ол Семей облысы Бородулиха ауданының Михайловка ауылында дүниеге келген. №16 қазақ мектебін, кейін М.Төлебаев атындағы Семей музыкалық училищесін бітірген. Оны бітіргеннен кейін біраз уақыт Семей облыстық концерттік-эстрадалық бюросында қобызшы-әртіс болып жұмыс істеді. Әскердегі қызметінен кейін №1 қалалық музыка мектебінде, педагогикалық училищеде, облыстық мәдениет басқармасында оқытушы болып жұмыс істеді. 1971 жылы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институттың тарих факультетінің сырттай бөлімін бітірді. 1989 жылдан 1997 жылға дейін Семей облыстық халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының директоры болды. С.О.Түменов Абайдың өмірбаяндық анықтамасының, «Абай әндері» жинағының, «Жігіт сұлтаны» облыстық байқауы сценарийінің, көптеген радиоочерк мәтіндерінің авторы болып табылады. Оның шығармашылық қызметі көптеген дипломдар және мақтау қағаздарымен марапатталған.