Жазушы, ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханұлының туғанына 105 жыл (1916-2004)

Абайтанушы,  ғалым, жазушы Қайым Мұхамедханұлы 1916 жылы 5 қаңтарда  қазіргі Жаңасемей ауданында дүниеге келді.

Қайым Мұхамедханұлының ғылыми еңбегінің басты бағыты Ұлы Абайдың өлмес  өшпес мол мұрасын зерттеумен байланысты. 1951 жылы қорғаған “Абайдың әдеби мектебі” кандидаттық диссертациясы, Абайдың ақындық айнасы, Абай шығармаларының текстологиясы жайында монографиялары әдебиеттану ғылымына қосылған маңызды туындылар. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арнап Республикалық Абай қоры шығарған 4 томдық “Абайдың ақын шәкірттері” және “Абай мұрагерлері” жинақтары да абайтанудағы төтенше жаңа құбылысқа айналды.

Қайым аға ұлы Мұхтардың сынынан өткен бірегей шәкірті еді. Ұстаз ұстанған идеялық танымын қарсыластарынан қорғау жолында тізерлеп өлгенше, тік тұрып өлуді артық көрді. Осы ерлігі үшін 25 жылға халық жауы атанып, тамұқтың отына да түсті. Бәрібір әділет жолы жеңді.

Қайым Мұхамедханұлы – ақын. 1938 жылы Жамбылдың әдеби қызметінің 75 жылдығына арналған республикалық ақындар сайысында “Жамбыл” атты толғауы бас жүлдені жеңіп алды, ал 1945 жылы Қазақ ССР мемлекеттік гимнінің авторы болуы ақынның шыққан биігін әйгілейтін межесі, ірі табысы.

Ғалымның ғылыми мақалаларының ішінде «Бұхар жырау» (1982), «Махамбет шығармаларының текстологиясы» (1986), «Уәйіс Шондыбаев шығармаларының текстологиясы» (1988), «Ақын Шәкәрім» (1988), «Ахмет Байтұрсынов», «Мағжан Жұмабаев», «Жүсіпбек Аймауытов» т.б. атап өтуге болады.

Жазушы Қайым Мұхамедханұлының драмалық шығармалары бір төбе. Драматургтың “Перне” (1944), “Майданнан майданға (1947), “Комиссар Ғаббасов” (1960), “Ер Білісай” (1974) атты туындылары – қоғамдық ортадағы түрлі тартыстарды көрермен назарына қалтқысыз жеткізген сүбелі дүниелер. Олар әркез республикалық, облыстық театр сахналарында қойылып келеді.

Қайым Мұхамедханұлы - түпнұсқа иесінің ойын тереңінен танып, тебірене толғайтын шебер аудармашы: У.Гаджибековтың “Аршин мал алан”, Ш.Камалдың  “Хажы әпенді үйленеді” пьесаларын , татар поэзиясының классигі Ғ.Тоқайдың өлеңдерін, сондай-ақ Н.Карамзиннің  “Сормаңдай Лиза” хикаятын өлеңмен аударып, әдебиетіміздегі аударма жанрының дамуына үлкен үлес қосты.

Саналы өмірінің жартысынан астамын Семей педагогикалық институтында ұстаздық еңбекке арнаған Қайым ағаның бұл салада атқарған ісі де абыройлы, айрықша жемісті. Қайым аға 1938 – 1941 жылдары аталған институттың филология факультетінде оқып, үздік бағамен аяқтайды да, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына оқытушы болып қызмет істеуге құқық алады. Қырық жылдан астам ақ ордамызда білім мен тәрбиенің дәнін егіп, адамгершілік нұрын төккен ұлы ұстаз қолынан қаншама ұрпақ сусындады.

Шығыс Қазақстан облысының Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында жазушының  еңбек және шығармашылық қызметінің басталуын баяндайтын құжаттар сақталуда.  Қ. Мұхамедхановтың жеке қорынан алынған құжаттар негізінде  ҚЗТҚО –да көрме ұйымдастырылды.