Еңбек ардагері, «ҚЗТҚО» КММ директоры болған Гүлнар Төлеуқызы Қасымоваға 65 жыл толады

image-601-792.peg

Гүлнар Төлеуқызы Семей облысы Жарма ауданы Георгиевка ауылында дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік тарихи-архив институтын «Мемлекеттік мекемелерді құжаттандыру және басқару қызметін ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітірген.

Институтты бітіргеннен кейін 1978 жылы Гүлнар Төлеуқызы Семей облысының мемлекеттік архивіне жіберіледі. Шаруашылық топтың 1 санатты архившісі, одан кейін ҒАА және құжаттарды пайдалану тобында қорлардың аға сақтаушысы, Семей облыстық атқару комитеті архив бөлімінің негізгі қызметі бойынша инспекторы болып жұмыс істей бастады. 1987 жылдың маусым айында ұжымның жалпы жиналысында Гүлнар Төлеуқызы Семей облысының мемлекеттік архивінің директоры болып сайланды. Семей облыстық атқару комитетінің 1989 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен облыстық атқару комитетінің архив бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1997 жылы Семей облысының таратылуына байланысты архив ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы болып қайта құрылды және оның директоры болып Г.Т.Қасымова тағайындалды, осы қызметте 2018 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді.

Г.Т.Қасымова «ҚЗТҚО» КММ-нің өндірістік, әкімшілік-шаруашылық және қаржы-экономикалық қызметін басқарды.

Оның тікелей басшылығымен Семей облыстық мемлекеттік архивінің құжаттары негізінде Семей облысының аудандық архивтері желісі құрылды. Қазіргі уақытта да тиімді жұмыс істейтін Семей өңірінің барлық ұйымдық-құқықтық нысандарының мекемелерін, ұйымдары мен кәсіпорындарын Құжаттамалық қамтамасыз ету қызметтерінің және ведомстволық архивтерінің нақты жүйесі қалыптасты.

Г.Т.Қасымова архивтің ғылыми-зерттеу жұмысын үйлестірді. Оның басшылығымен орталық «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырды (2004-2006 жж.). Г.Т.Қасымова таяу шетел архивтерінде Шығыс Қазақстан тарихы бойынша құжаттарды анықтауға тікелей қатысты. Ол «Неизвестные страницы Семипалатинского Прииртышья, XVIII – начало XX вв.», «Торговые связи Семипалатинского Прииртышья, XVIII – начало XX вв.», «Из истории величайшей трагедии казахского народа» (1932-1933 жылдардағы аштық туралы.), «Административно-территориальное управление Восточного Казахстана, XVIII – 30 гг. XX вв.», «Развитие горного дела в Восточном Казахстане XVIII – 30 гг. XX вв.», «Восточное отделение правительства Алашорды», «Переселенческая политика царского правительства и ее осуществление в Казахстане, XVIII – начало XX вв.»,  «Противостояние» (Семей ядролық полигонын жабу үшін күрес туралы) және т.б. құжаттар жинағы авторларының бірі болып табылады.

Қасымова Г.Т. қалалық колледждер мен ЖОО – Сервис колледжі, гуманитарлық-заң колледжі, Шәкәрім университеті мен Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті (Қаз.ИГЗУ) студенттерінің өндірістік тәжірибесінің жетекшісі бола отырып, білікті архив кадрларын даярлауға көп көңіл бөлді. Іс жүргізу және ведомстволық архивтер саласында мамандар даярлайтын сервис колледжінің мемлекеттік емтихан комиссиясының мүшесі болды.

Жоғары еңбек жетістіктері және архив саласындағы көп жылғы еңбек қызметі үшін Г.Т. Қасымова КСРО, Қазақ КСР Бас архивтерінің, Қазақстан Республикасы Архивтер мен құжаттаманы басқару комитетінің Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталған.

2005 жылы Қасымова Г.Т. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2009 жылы ҚР Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған.