Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Иванович Поуголковтың туғанына 95 жыл толды.

Николай Иванович Архангельск қаласында дүниеге келген. 1941 жылы жеті жылдық мектепті бітірді. Мектепті бітіргеннен кейін Архангельск радио торабында байланыс монтері болып жұмыс істеді. Он жеті жасында әскери қызметке Солтүстік флотқа зениттік есептоптың атқышы болып шақырылды. Әскери антын 1943 жылы 30 желтоқсанда Кольск шығанағының шығыс жағалауындағы Ваенга-1 (қазіргі Североморск) кентіндегі 30-шы авиациялық базада қабылдады. Финляндия мен Норвегияны азат етуге қатысты.

Ұлы Отан соғысынан кейін Николай Иванович Семей механикалық зауытында мастер-энергетик, «Семводстрой» тресінде бас энергетик болып жұмыс істеді.

Ұлы Отан соғысына қатысқаны, жауынгерлік тапсырмаларды үздік орындағаны, ерлігі үшін Н.И.Поуголков ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың, «Кеңес Арктикасын қорғағаны үшін», «Адмирал Кузнецов», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.