Денсаулық сақтау үздігі, еңбек сіңірген ғылым қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Семей медициналық институтының ректоры Тамара Александровна Назарованың туғанына 110 жыл

Ол Донецк облысының Артемовск қаласында дүниеге келді, кәсіби медициналық мектебін бітіріп, кейін Харьковтегі медициналық институтына оқуға түсті. 1937 жылы институтты аяқтаған соң, педагогикалық еңбек жолын Курск қаласында бастап, ал 1939 жылы жақында ашылған Хабаровск медициналық институтының патологиялық физиология кафедрасына ассистент лауазымына қызметке жіберілді. 1942 жылы Т.А. Назарова диссертациясын қорғап, нәтижесі бойынша оған медицина ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. Осы уақытта олар, осы институттың профессоры А.Н. Гордиенкомен бірге, өте қатаң емнен есеңгіреп қалған немесе көп қан жоғалттқан жағдайда қан алмастырғышты  қолдануды ұсынды, ол сол кезде госпитальдар мен майданға да аса қажет болды. 1947 жылы Бүкілодақтық ғылым Академиясы Т.А. Назароваға доцент атағын берді. Т.А. Назарованың Отан алдындағы еңбегі ескеріліп, ол «Ұлы Отан соғысындағы Ерен еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны Жеңгені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

1955 жылы Т.А.Назарова Семей қаласына келеді және Семей медициналық институтының жаңадан құрылған патофизиология кафедрасының меңгерушісі лауазымына тағайындалады, кейін декан және ғылыми жұмыстар бойынша проректор болып қызмет жасайды, 1963 жылдан бастап 1974 жылдар аралығында – институт ректоры болса, ал 1974 жылдан 1982 жылдар аралығында - патофизиология кафедрасының меңгерушісі болады.

1958 жылы Тамара Александровна «Материалы к вопросу об участии интероцептивных механизмов в шоковых реакциях» тақырыбында диссертация қорғайды, нәтижесінде оған медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі беріледі.

Оның ғылыми зерттеулері теориялық және практикалық маңызы бар кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Ол 100-ден астам ғылыми мақалалардың, 2 монографияның авторы, патологиялық физиология үшін практикалық сабақтардың бастамасын қалаушы. Оның жетекшілігімен 25 диссертациялық жұмыс орындалды және қорғалды.

Көптеген жылдар бойы Т.А. Назарова Бүкілодақтық патофизиологтар қоғамының басқарма мүшесі болды. Ол кеңес халқының денсаулық сақтау саласына, медицина ғылымының және медицина өнеркәсібінің дамуына қосқан үлкен үлесі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 1968 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен ғылымды дамытудың және ғылыми кадрлар даярлау саласындағы еңбегі үшін оған Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді. Көп жылғы жемісті еңбегі, өз кәсібіне деген адалдығы үшін Т.А. Назарова «Денсаулық сақтау үздігі», «Еңбектегі үздік жетістіктері үшін» белгілерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі Құрмет грамотасымен марапатталды.

Тамара Александровна жұмысбастылығына қарамастан, үлкен қоғамдық жұмыстар атқарды. Ол жергілікті Кеңестің тоғыз шақырылымының депутаты болып сайланып, қалалық және аудандық партия комитетінің мүшесі, Қазақстан коммунистік партиясы 12-ші съезінің делегаты болды.

Ол институтта ғылыми-жоспарлау комиссиясының төрайымы, облыстық медициналық радиожурналдың редакторы, Семей қалалық әйелдер кеңесінің мүшесі, Бүкілодақтық патофизиологтар қоғамының басқарма мүшесі, онда КСРО патологиялық физиология кафедраларын оқу және инженерлік-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету табелін әзірлеу жөніндегі комиссия төрайымы міндетін атқарды, 10 жыл бойы Қазақ КСР денсаулық сақтау Министрлігінің Ғылыми Кеңесі Президиумының мүшесі болды.